ЖАМАНДЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚПЕН ЖАУАП ҚАТУ - МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫ СИПАТЫ! (Таифтағы тәлімді оқиға) Ей, туыстарының сөзін көтере алмай, олармен ара қатынасын үзген жан! Досының сынына өкпелеп, наз айтқан адам! Бір сәт Алла Елшісінің (ﷺ) басынан өткен мына бір оқиғаларға назар салшы! Пайғамбарымыз (ﷺ) өте көп қиындық көрді. Жақындары да, тайпаластары да одан бас тартты, өсіп-өнген туған жерінен қудалады. Алайда, «ұлы мінезге ие» Пайғамбарымыз (ﷺ) олардың ешбіріне кек сақтамаған еді, ол бәрін кешіріп жіберген! Пайғамбарымыздың (ﷺ) Таифтықтарға жасаған мына бір кеңдігі көзіңізге еріксіз жас ұялатады: Таиф тұрғындары Алланың дініне шақырған Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шектен тыс қатігездікпен тас лақтырып қуып шығады. Әбден шалдыққан, аяқтары қанға малынған, үсті-басы жырым-жырым болған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қала сыртындағы бақшада отырғанда, оған тау періштесі келіп: «Егер сен қаласаң, оларды жерге жұтқызып немесе үстеріне тауды төңкере саламын», - дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірімділігін танытып: «Жоқ, бұлай етудің қажеті жоқ, мен олардың ұрпақтарының арасынан Аллаға ешбір серік қоспастан құлшылық ететіндер болатындығынан үміт етемін», - деген екен. Сонда періште: «Ақиқатында, сен аса Ұлы Алла айтқандай, өте мейірімдісің!» - дейді. (Бұхари, Муслим). Ешбір дұғасы қайтарылмайтын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол сәтте Алладан Таиф халқын жойып жіберуін сұрағанда, сөз жоқ, ол міндетті түрде орындалар еді. Алайда, оның мейірімі мен жұмсақтығы ашуы мен қиналысын жеңіп кетті. Нәтижесінде, дәл сол Таиф қаласынан небір ғұламалар, ірі ғалымдар шыққан.

Теги других блогов: мұсылман Пайғамбар Таиф